«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры» ЖҚ Атқарушы директорының 2020 жылғы «02» маусымдағы № 01/043-П бұйрығына қосымша
|
«Елбасы медалі» бағдарламасының ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Елбасы медалі» бағдарламасының ережесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 249 қаулысына сәйкес әзірленіп, «Елбасы медалі» бағдарламасын жүзеге асыру тәртібін анықтайды (бұдан әрі – Ереже).
2. Ережеде келесі ұғымдар қолданылады:
1) «Елбасы медалі» – осы Ережеде көзделген талаптарды табысты орындағаны үшін жеңімпаздарға патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін ерекшелік белгісі;
2) әкімші – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры;
3) бағдарлама – он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастардыпатриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін іріктеу және ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шаралар;
4) орталықтар – осы Ережеде көзделген міндеттерді іске асыру үшінәкімші айқындаған білім беру ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар;
5) тәлімгерлер – қатысушыларға әдістемелік қолдау көрсететін орталықтың қызметкерлері;
6) оператор – бағдарламаны әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз ету үшін әкімші айқындаған ұйым;
7) серіктес – осы Ережеде қарастырылған міндеттерді іске асыру үшін әкімші айқындаған ұйым;
8) қатысушылар – бағдарламаға қатысу үшін тіркелген он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастар;
9) жеткізуші – қатысушылардың қызмет бағыттарында қызметтерді жеткізу үшін оператор уәкілеттік берген ұйым;
10) сарапшы – қатысушының жетістіктерін бағалайтын серіктестің қызметкері;
11) өңірлік үйлестіруші – тәлімгерлер мен сарапшылардың қызметіне үйлестіруді, мониторингті және бақылауды жүзеге асыратын серіктестің қызметкері.
3. Бағдарламаны қаржыландыру республикалық, жергілікті бюджеттердің қаражатынан және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.
2. Бағдарлама деңгейлері мен қатысушыларға қойылатын талаптар
4. «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтауға осы Ереженің 7, 8 және 9-тармақтарында көрсетілген деңгейлердің бірінің талаптарын табысты орындаған он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастар ұсынылады.
5. Бағдарламаға қатысу қызметтің мынадай бағыттарын қамтиды:
1) «Спорт және физикалық даму» – әртүрлі спорт түрлерімен секцияларда және/немесе білім беру ұйымдарында, сондай-ақ өз бетінше шұғылдану;
2) «Таланттар мен дағдылар» – әлеуметтік және практикалық дағдыларды дамытуға, үйірмелерге, курстарға, тренингтерге, практикумдарға бару арқылы таланттарды ашуға, зияткерлік, шығармашылық, ғылыми-техникалық конкурстарға, олимпиадаларға, көрмелерге, жарыстарға қатысуға және өз бетінше оқуға бағытталған сабақтар;
3) «Кітап оқу» – ұсынылған әдебиеттер тізбесінен «Қазақ әдебиетінің алтын қоры», «Әлемдік әдебиеттің алтын қоры», «Тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған кітаптар, ғылыми-көпшілік әдебиеттер» атты үш бөлім бойынша кітап оқу;
4) «Ұлттық мұра» – ұлттық спорт түрлерімен айналысу, ұлттық мәдениеттегі, ас әзірлеудегі, сәндік-қолданбалы өнердегі таланттар мен дағдыларды дамыту не «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен бір кітапты қосымша оқу. Қатысушы осы бағытты алғашқы үш бағыттың бірімен үйлестіре алады;
5) «Волонтерлік» – мұқтаж адамдарға, қоршаған ортаға және жануарларға тегін қызмет көрсету және азаматтық қатысудың басқа да нысандары арқылы көмек көрсетуге бағытталған қызмет;
6) «Туристік жорықтар» – туған өлкені зерттеуге және патриотизмді дамытуға бағытталған экскурсиялар;
7) «Еңбек практикасы» – нақты өндіріс жағдайында әртүрлі кәсіпорындарда және кез келген салада жұмыс істеу.
6. Жеңімпаздар «Елбасы медалі» ерекшелік белгілерінің үш түрімен наградталады: қола, күміс және алтын.
7. «Елбасы медалі» қола ерекшелік белгісімен алты ай ішінде мынадай талаптарды орындаған 14 (он төрт)жастан асқан қатысушылар наградталады:
1) «Спорт және физикалық даму», «Таланттар мен дағдылар» және «Волонтерлік» бағыттар бойынша – үш ай бойы аптасына кемінде бір сағат айналысу;
2) «Кітап оқу» бағыты бойынша – барлық үш бөлімнен кемінде үш кітап, оның ішінде «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен бір кітап оқу;
3) «Ұлттық мұра» бағыты бойынша –үш ай бойы аптасына кемінде бір сағат оқу не «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен қосымша бір кітап оқу;
4) «Туристік жорықтар» бағыты бойынша – екі күндік экскурсиялар.
8. «Елбасы медалі» күміс ерекшелік белгісімен он екі ай ішінде мынадай талаптарды орындаған 15 (он бес) жастан асқан қатысушылар наградталады:
1) «Спорт және физикалық даму» және «Таланттар мен дағдылар» бағыттары бойынша – бір бағыт бойынша үш ай және басқа бағыт бойынша алты ай (таңдауы бойынша) ішінде аптасына кемінде бір сағат;
2) «Волонтерлік» бағыты бойынша – алты ай бойы аптасына кемінде бір сағат;
3) «Кітап оқу» бағыты бойынша – барлық үш бөлімнен кемінде алты кітап, оның ішінде «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен екі кітап оқу;
4) «Ұлттық мұра» бағыты бойынша – үш немесе алты ай бойы аптасына кемінде бір сағат не «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен қосымша
бір кітап оқу;
5) «Туристік жорықтар» бағыты бойынша – үш күндік экскурсиялар.
9. «Елбасы медалі» алтын ерекшелік белгісімен он сегіз ай ішінде мынадай талаптарды орындаған 16 (он алты) жастан асқан қатысушылар наградталады:
1) «Спорт және физикалық даму» және «Таланттар мен дағдылар» бағыттары бойынша – бір бағыт бойынша алты ай және қатысушының таңдауы бойынша басқа бағыт бойынша тоғыз айбойы аптасына кемінде бір сағат айналысу;
2) «Волонтерлік» бағыты бойынша – бір жыл бойы аптасына кемінде бір сағат;
3) «Кітап оқу» бағыты бойынша – барлық үш бөлімнен кемінде тоғыз кітап, оның ішінде «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен үш кітап оқу;
4) «Ұлттық мұра» бағыты бойынша – алты немесе тоғыз ай бойы аптасына кемінде бір сағат не «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен қосымша бір кітап оқу;
5) «Туристік жорықтар» бағыты бойынша – төрт күндік экскурсиялар;
6) «Еңбек практикасы» бағыты бойынша – кемінде бес күн.
3. Қатысушылардың қызметін ұйымдастыру
10. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер әкімші айқындаған интернет-ресурста тіркеледі және өз қалауы бойынша тиісті деңгейде қатысуға өтінімді орналастырады. Өтінім осы Ереженің 7, 8 және9-тармақтарында көрсетілген жасы бойынша талапқа сәйкес келмеген жағдайда қабылданбайды.
11. Өтінімді тіркегеннен кейін қатысушыға тұратын өңіріне не оқу орнына сәйкес орталық пен тәлімгер, сондай-ақ таңдалған деңгейге сәйкес нормативтер мен қатысудың жеке графигі ұсынылады.
12. Жеке графикке сәйкес тәлімгер қатысушыға талаптарды орындау бойынша нұсқау береді, сондай-ақ консультативтік және әдістемелік қолдау көрсетеді.
13. Талаптарды орындау нәтижелері бойынша қатысушы журналға (күнделікке) мынадай ақпарат енгізеді:
1) спорттық, шығармашылық қызмет, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерімен айналысу, ұлттық мәдениеттегі, ас әзірлеудегі, сәндік-қолданбалы өнердегі таланттар мен дағдыларды дамыту туралы – тәлімгер растаған тұрақты жеке есептер және жеке графикке сәйкес прогресс туралы белгілер;
2) кітап оқу туралы – жеке графикке сәйкес белгілі бір кезеңде оқылған мазмұнға өзінің көзқарасын баяндай отырып, тәлімгер растаған қысқаша эссе не бейнеролик;
3) волонтерлік қызмет және экскурсияларға қатысу туралы – тәлімгер растаған күн сайынғы қысқаша есеп, оның ішінде акцияның атауы мен нәтижелері, фото не бейнеоролигі бар қосымшалар;
4) еңбек практикасы туралы – еңбек практикасын өткен жерден қысқаша есеп және растау.
14. Қатысушының таңдалған деңгейден өтуі журналды (күнделікті) жеке графикке сәйкес толтыру және тәлімгердің барлық бағыттар бойынша растауы кезінде аяқталған болып саналады.
«Спорт және дене шынықтыру» бағытындағы талаптар:
1) қола деңгейі үшін – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінің кем дегенде екі дене жаттығуын кез келген дайындық деңгейінде (бастауыш, ұлттық, президенттік);
2) күміс деңгейі үшін – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінің кем дегенде төрт дене жаттығуын кез келген дайындық деңгейінде (бастауыш, ұлттық, президенттік);
3) алтын деңгейі үшін – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінің кем дегенде бес дене жаттығуын кез келген дайындық деңгейінде (бастауыш, ұлттық, президенттік) өткен кезде орындалды деп саналады.
Мүмкіндіктері шектеулі қатысушылар үшін «Спорт және дене шынықтыру» бағытындағы талаптар сабақтардың жеке кестесін орындау нәтижесінде есепке алынады.
Тәлімгердің «Спорт және физикалық даму», «Таланттар мен дағдылар», «Ұлттық мұра» бағыттары бойынша бағалауына қатысушының қол жеткізген нәтижесі көрсетіліп, қысқаша бейнеролик қоса беріледі.
4. Қатысушыларды наградтау
15. Бағдарламаның қорытындыларын шығару үшін әкімші кемінде 7 адамнан тұратын наградтау жөнінде комиссия құрады. Наградтау жөніндегі комиссияның құрамына білім беру саласындағы уәкілетті органның, мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, әкімшінің өкілдері, сондай-ақ жұртшылық өкілдері кіреді.
16. Наградтау жөніндегі комиссияның функциялары:
1) наградтауға үміткерлердің құжаттарын қарау;
2) наградтауға үміткерлердің нәтижелерін бағалау;
3) үміткерлерді «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтау туралы шешім қабылдау.
17. Наградтау жөніндегі комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер отырысқа оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп саналады.
Кандидатқа қатысушылардың көпшілігі дауыс берген жағдайда ол оң қорытынды алады. Дауыстар тең болған жағдайда наградтау жөніндегі комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Наградтау жөніндегі комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
18. Наградтау жөніндегі комиссияның шешімі және «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтауға ұсынылғандардың тізімдері әкімшінің және білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады.
19. «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтау рәсімін әкімші жыл сайын желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында білім беру саласындағы уәкілетті органмен, облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда – жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізеді.
20. Бірдей дәрежелі «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен қайталап наградтауға жол берілмейді.
21. Балдары тең болған жағдайда «Елбасы медалі» ерекшелік белгісінің иегерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдануға басым құқыққа ие болады.
Әкімші өз шешімімен «Елбасы медалі» ерекшелік белгісінің иегерлерін көтермелеудің қосымша шараларын белгілейді.
5. Бағдарламаның ұйымдастырушылық құрылымы
22. Бағдарламаның ұйымдастырушылық құрылымына оператор, серіктес, бағдарлама орталықтары және өңірлік ресурстық орталықтар кіреді.
23. Оператордың функциялары:
1) бағдарламаның әдіснамасын әзірлеу және оған әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету;
2) бағдарлама талаптарының сақталуын бақылау;
3) ағымдағы жылы қатысушылардың міндетті қызмет бағыттарын анықтау;
4) бағдарламаға ақпараттық қолдау көрсету;
5) «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтауға үміткерлердің құжаттарын наградтау жөніндегі комиссияның қарауына ұсыну.
24. Серіктестің функциялары:
1) тәлімгерлер, сарапшылар, қатысушылар мен орталықтарды сүйемелдеу үшін өңірлік үйлестірушілер мен ресурстық орталықтар желісін құру;
2) өңірлік үйлестірушілер, тәлімгерлер, сарапшылар және орталықтардың қызметкерлері үшін оқытуды ұйымдастыру;
3) өңірлік үйлестірушілер, ресурстық орталықтар, тәлімгерлер, сарапшылар, қатысушылар мен орталықтарға әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету;
4) операторға растаушы құжаттарды қоса тіркеп, таңдалған деңгейлердің шарттарын сәтті аяқтаған қатысушылардың тізімін жолдау.
25. Бағдарлама орталықтарын авторландыру тәртібі мен бағдарлама орталығы туралы үлгі ережені әкімші бекітеді.
26. Бағдарлама орталықтарын авторландыруды оператор әкімшімен берілген уәкілеттіктер шеңберінде жүзеге асырады.
27. Бағдарлама орталықтарының функциялары:
1) оператордың келісімі бойынша тәлімгерлерді таңдау және тағайындау;
2) тәлімгерлердің қызметін ұйымдастыру;
3) қатысушылардың деңгейлер талаптарын сақтауын бақылауды ұйымдастыру;
4) растайтын құжаттарды қоса отырып, таңдалған деңгейлердің шарттарын сәтті аяқтаған қатысушылар тізімін қалыптастыру және операторға жіберу.
28. Бағдарламаны іске асыру мақсатында облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада серіктес оператормен келісе отырып, өңірлік ресурстық орталықтар құрады.
29. Өңірлік ресурстық орталық туралы үлгі ережені оператор бекітеді.
30. Өңірлік ресурстық орталықтың функциялары:
1) бағдарламаны іске асыруда әдістемелік қамтамасыз ету;
2) бағдарлама орталықтарына әдістемелік қолдау көрсету;
3) өңірде бағдарламаны іске асыруды жалпылау және талдау.
6. Бағдарламаның кадрлық құрамының міндеттері
31. Бағдарламаның кадрлық құрамына тәлімгерлер, сарапшылар және өңірлік үйлестірушілер кіреді.
32. Тәлімгердің міндеттері:
1) қатысушыларға әдістемелік және консультациялық қолдау көрсету;
2) қатысушылардың жеке кестені орындауын бақылау;
3) қатысушылардың бағдарлама талаптарын сақтауын бақылау.
33. Тәлімгердің функциялары:
1) өзіне қатысушының тіркелгендігі туралы хабарлама алғаннан кейін, қатысушы және оның заңды өкілдерімен танысу;
2) бағдарламаға қатысу тәртібі, бағыттар бойынша қойылатын талаптар, есеп беру нысандары, ынталандыру және басқа да шарттар туралы қатысушыға нұсқау беру;
3) сабақтың түрлері, ұзақтығы, бағдарламаның әр бағыты бойынша нормативтер анықталған қатысушының жеке кестесін жасау және оны бекіту, сондай-ақ қатысушының журналын (күнделігін) жасау;
4) айына кемінде бір рет қатысушының спорт секцияларына, үйірмелерге, еріктілердің іс-шараларына қатысуын бақылау;
5) қатысушының есептерін жеке кестесіне сәйкес тексеру;
6) өзіне тағайындалған қатысушылардың прогресін қадағалау және олардың әрқайсысына журнал толтыру;
7) қатысушы күнделігін толтыру барысын тексеру;
8) күнделікті толтырмаған, бағдарламаның шарттарын орындамаған, байланысқа шықпаған қатысушымен хабарландыру алған күннен бастап үш күн ішінде байланысты қамтамасыз ету;
9) өзіне тіркелген барлық қатысушылар бойынша сараптамалық жазбалар мен ұсыныстар әзірлеу;
10) әкімшінің интернет-ресурсында өзгерген жағдайда өз профилінің мәліметтерін жаңарту.
34. Қатысушының аккаунтында көрсетілген мәліметтер тәлімгерге қол жетімді болады.
35. Сарапшының міндеттері:
1) тәлімгерлер мен бағдарлама орталықтарына әдістемелік қолдау көрсету;
2) тәлімгерлердің өз функцияларын орындауын бақылау;
3) қатысушылар, тәлімгерлер және бағдарлама орталықтарының бағдарлама талаптарын сақтауын бақылау.
36. Сарапшының функциялары:
1) қатысушыларды, тәлімгерлерді және бағдарлама орталықтарына мониторинг жүргізу және бақылау;
2) қатысушылар мен тәлімгерлердің журналдарын ішінара тексеру;
3) қатысушылардың мақсаттарына жету дәрежесін анықтау үшін олардың бақылау өлшеулеріне қатысу;
4) бағдарлама орталықтарының белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру;
5) орталықтарды, тәлімгерлерді оқыту және нұсқау беру;
6) бағдарламаны іске асыру мәселесінде даулы жағдайлар туындаған кезде (мүдделер қақтығысы) қатысушы мен тәлімгер арасында төреші рөлін атқару;
7) тәлімгерлердің жұмысын бағалау, оның ішінде инциденттер, бағалар, марапаттар туралы ақпаратты олардың профиліне енгізу арқылы;
8) тәлімгерлер мен қатысушыларды тексеру нәтижесі бойынша оларға журнал толтыру.
37. Сарапшының өз уәкілеттігі шеңберінде тәлімгерлер мен қатысушылардың аккаунтарына қолжетімділігі болады.
38. Сарапшы бағдарламаны іске асыруға қатысты қатысушы мен тәлімгер арасындағы дауларда шешім қабылдауға – тәлімгердің талаптарының дұрыстығын растауға немесе оларды жоюға, қажет болған жағдайда тәлімгерді немесе орталықты ауыстыруды келісуге құқылы.
39. Сарапшы қатысушының және оның тәлімгерінің күнделіктерін толтыру барысын тексереді. Тексеру таңдамалы болады, осы ретте тексерілгендердің еркіндігі сақталады.
Бағдарламаның барлық кезеңінде тексерілгендердің жалпы саны қатысушылардың жалпы санынан кемінде 60% және тәлімгерлердің жалпы санынан 100% болуы керек.
40. Тәлімгер үш күн ішінде осы Ереженің 33-тармағы 9) тармақшасымен анықталған функциясын орындамаған жағдайда сарапшы күнделікті толтырмаған, бағдарламаның шарттарын орындамаған және байланысқа шықпаған қатысушымен және тәлімгермен байланысады.
41. Бағдарлама деңгейін аяқтағаннан кейін сарапшы шолулар, сараптамалық жазбалар, сондай-ақ қатысушылар мен тәлімгерлердің жұмысы жөнінде ұсыныстар жасайды.
42. Өңірлік үйлестірушінің міндеті – өңірде әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету және бағдарлама талаптарының орындалуын бақылау.
43. Өңірлік үйлестірушінің функциялары:
1) бағдарламаны іске асыру кезінде сарапшылар мен орталықтардың іс-әрекеттерін жалпы бақылау және үйлестіру;
2) бағдарламаны әдістемелік қамтамасыз ету, тәжірибе алмасу үшін өңірлік ресурстық орталықтың жұмысын ұйымдастыру;
3) оператор атынан бағдарлама жеңімпаздарына марапаттар табыстау.
44. Бағдарламаның іске асырылуын талдау және байқау мақсатында өңірлік үйлестірушінің тиісті өңірдегі қатысушылар, тәлімгерлер мен сарапшылардың аккаунттарына қолжетімділігі болады.
45. Өңірлік үйлестіруші қатысушының және оның тәлімгерінің, сондай-ақ сарапшының күнделіктерін толтыру барысын тексереді. Тексеру таңдамалы болады, осы ретте тексерілгендердің еркіндігі сақталады.
Бағдарламаның барлық кезеңінде тексерілгендердің жалпы саны қатысушылардың жалпы санынан кем дегенде 60% және тәлімгерлердің жалпы санынан 100% болуы керек.
46. Сарапшы үш күн ішінде осы Ереженің 40-тармағымен анықталған функциясын орындамаған жағдайда өңірлік үйлестіруші күнделікті толтырмаған, бағдарламаның шарттарын орындамаған және байланысқа шықпаған қатысушы, тәлімгер және сарапшымен байланысады.
47. Өңірлік үйлестіруші бағдарлама деңгейінің аяқталуынан кейін шолулар, сараптамалық жазбалар, сондай-ақ қатысушылар, тәлімгерлер мен сарапшының жұмысы туралы ұсыныстар жасайды.
7. Бағдарлама жеткізушілері
48. Қатысушыларға бағдарлама бағыттары бойынша қызмет көрсететін білім беру ұйымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді және басқа да заңды және жеке тұлғаларды оператор авторландырады.
49. Жеткізушілерге қойылатын минималды талаптар:
1) заңды тұлғалар үшін әділет органдарында тіркелуі немесе жеке тұлғалар үшін жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік кірістер органында тіркеуге тұру;
2) жарғылық немесе жарияланған қызметтің бағдарлама бағыттарына сәйкестігі.
50. Жеткізушілерді авторландыру үшін тапсырыстар әкімшінің интернет-ресурсында қолданушы келісімін толтыру арқылы және (немесе) тәлімгерге тиісті өтінішті беру арқылы жүзеге асырылады.
51. Тәлімгер әлеуетті жеткізушінің өтінімін қарау кезінде оның минималды талаптарға сәйкестігін тексереді.
52. Оператор қолданушы келісімдері және тәлімгерлердің ақпараты негізінде жеткізушілерді авторландырады және авторландырылған жеткізушілердің тізімін толтырады.
53. Жеткізушінің функциялары:
1) авторландыру кезінде оператор анықтаған қызмет бағыттары бойынша қызметтер көрсету;
2) авторландыру кезінде оператор анықтаған қызмет бағыттары бойынша өңірлік үйлестірушілерге, өңірлік ресурстық орталықтарға, тәлімгерлерге, сарапшыларға, қатысушылар мен бағдарлама орталықтарына әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету;
3) авторландыру кезінде оператор анықтаған қызмет салаларындағы қатысушылардың нәтижелерін бағалау.