2025 жылғы 12–13 тамыз аралығында Алматы қаласында Сүлеймен Демирель университетінің базасында «Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыстың заманауи трендтері мен даму векторлары» тақырыбында мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған республикалық педагогикалық конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – тәжірибе алмасу, дарынды балаларды тәрбиелеудегі басым бағыттарды айқындау және талантты оқушыларды қолдау бойынша тиімді стратегияларды қалыптастыру.
Конференция бағдарламасына шығармашылық семинарлар, пленарлық отырыс және «Басымдықтар мен сабақтастық: өткеннен болашаққа» атты көрмелік экспозиция енгізілді.
Мастер-класс, кейс-стади және озық тәжірибелердің презентациялары форматында өткен конференция барысында білім беру ортасының көшбасшыларының рөлі, функционалдық сауаттылықтың халықаралық тәжірибесі, жасанды интеллект бойынша олимпиадаларға қатысу, сондай-ақ кәсіби бағдар беру жобалары қарастырылды.
Арнайы назар педагогтардың эмоционалдық және кәсіби әл-ауқатына – білім сапасының басты факторына аударылды.
Дарынды оқушыларды сүйемелдеу жүйесі – жеке даму траекториясын құрудан бастап тәлімгерлікке дейінгі кезеңдерде талқыланды. Командалық жұмыс, сабақтастық және жүйелі тәсілдің маңыздылығы атап өтілді.
Air Astana және халықаралық FIRST платформасының серіктестік бастамалары инженерлік және жобалық оқытудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.
Пленарлық отырыста спикерлер үздік білім беру тәжірибелерін сақтау, жүйені цифрландыру арқылы жаңғырту, педагогтарға әдістемелік көмек көрсету және олимпиада жеңімпаздарының кәсіби сүйемелдеуін дамыту мәселелеріне назар аударды.
«Олимпиадалық қозғалыс 2.0» тұжырымдамасы ұсынылды. Ол мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету, онлайн-платформаларды дамыту, кәсіби бағдар беру және барлық оқушыларға олимпиадаларға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді.
Конференция қорытындысында олимпиадалық қозғалыс – бұл тек жарыс қана емес, сонымен бірге мінез мектебі екені, ол сенімділік, жауапкершілік және қоғамға қызмет етуге дайындықты қалыптастыратыны айтылды. Қатысушылар жаһандық өзгерістер жағдайында тек нәтижелер ғана емес, сонымен қатар оқушының тұлғалық дамуы, ойлау қабілеті және мағынаны табу дағдылары маңызды екенін атап өтті.
Конференцияға «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы басшысының орынбасары - Алдабергенова А.Ж., Астана қаласындағы №2 облыстық мамандандырылған «Дарын» мектеп-лицей-интернатының директоры - Құлмагамбетова Ж.Т., Көкшетау қаласындағы Абай атындағы №3 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры - Курмашева А.Н., Степногорск қаласындағы «Болашақ» №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры - Турганбаева К.К., Ақмола облысы білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернатының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі - Күлпенова А.К., Щучинск қаласындағы IT «Білім-инновация» лицей-интернатының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі - Мухтаров А.Б., Көкшетау қаласындағы Абай атындағы №3 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі оқу ісінің меңгерушісі - Торсунова Б.Р. қатысты.
Конференция 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша олимпиадалық қозғалыс пен ғылыми-зерттеу жұмысында жоғары нәтижелер көрсеткен педагогтар мен ұйымдарды салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды.
Сапалы білім беруді дамыту мен дарынды оқушыларды тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының Құрмет грамотасымен Алдабергенова А.Ж. және Ақмола облысы білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Авджу Гуржан марапатталды.
Олимпиадаларда жоғары нәтижелерге жеткен оқушыларды дайындаудағы көпжылдық адал еңбегі мен айрықша үлесі үшін Көкшетау қаласындағы Абай атындағы №3 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
Шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа оқу жылында жаңа олимпиадалық жеңістер мен ғылыми жетістіктер тілейміз!