Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес 2019 жылдың 27 қазанынан 2 қарашасына дейін оқушылардың жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша жоғары деңгейдегі олимпиадаларға тиімді дайындау мақсатында облыстық мамандандырылған мектептер арасында 8-11 сынып оқушыларына арналған оқу-жаттығу жиындары өтті.
Оқу-жаттығу жиындары мен тренингтеріне 3 облыстық мамандандырылған мектептерден 53 қатысушы қатысты.
Балалар бұл демалыс күндерін Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының қабырғасында өткізді, онда мұғалімдер, халықаралық және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жүлдегерлері, Назарбаев Университетінің студенттері, РФММ оқытушылары, «Зерделі» олимпиадасына дайындайтын білім беру орталығының оқытушылары өз білімдерімен бөлісті.
Сондай-ақ оқу-жаттығу жиынының аясында оқу іс-әрекетін ұйымдастыруға облыстық жаратылыстану-математикалық бағыттағы мамандандырылған мектептерінің мұғалімдері тартылды.
Жиынның бағдарламасы мазмұнды, қызықты болды. Оған теориялық және практикалық тапсырмалар енгізілді. Оқушылар олиимпиаданың сұрақтарын қарастырып, өтілген материалды қайталап, көп жаңа ақпарат алды.
Жиын соңында қатысушылар осындай жұмыстардың тиімділігін атап өтті: кейбіреулер көкейлерінде мазалап жүрген сұрақтарға жауап тапса, басқалары өз білімдерін тәжірибеде сынап көруге мүмкіндік алды, енді біреулері өзін қызықтырып жүрген тақырыптағы білімдерін тереңдетті. Жиынның аясында оқушылар арасында тренинг өткізілді. Психологиялық тренинг барысында қатысушылар жеке жетістік стратегияларын арттырып, олимипиадалар мен байқауларға қатысар алдында қобылжуларын қалай жеңу керек екендігін білді.
Жиын нәтижесінде оқушылардың рейтингі анықталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.
Балалар алған білімдері мен тәжірибелерін өмірде, оқуда және, әрине, олимпиадалық тапсырмаларды шешуде сәтті қолданады деген ойдамыз!