Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы «Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы» КММ «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен 2018 жылғы 19-20 наурыз күндері Астана қаласының Халықаралық мектебі базасында Астана қаласының 20 жылдығы және «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының 10 жылдығы мерекелері аясында «Астана-болашақ қаласы: Елорда архитектурасы. 20 жыл» тақырыбында VІІІ Наурыз кездесулері өткізілгенін хабарлайды.
Кездесуге Ақмола облысы тарапынан Астана қаласы, дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушылары Съезбек Айдын мен Молдабеков Бейбарыс, Бурабай ауданы Абылайхан атындағы орта мектебінің 11 оқушысы Қайырбекова Зарема мен Зеленобор мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Шаймұратова Анель қатысты.
Наурыз кездесуі салтанатты түрде ашылып, концерттік бағдарламамен ұласты. Мәжіліс залында «Астана – болашақтың қаласы» фильмі көрсетілді. VIII Наурыз кездесулері 20 жыл тарихы бар елордамыздың көрікті ғимараттарының сәулетіне арналды. Кездесу барысында профессор, доктор, академик, сәулетшілермен сұхбаттасып, Елордамыздың бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері, ғимараттардың сәулет құрылыстарының
салынуы туралы тарихына тоқталды. Сонымен қатар, Италиядан келген профессор Серджио Ферранди баяндамасы тыңдалды. Әр облыстан келген 204 оқушы мен жетекшілері станцияларға бөлініп, ұйымдастырушылармен бірге «Астана геометриясы» практикумы негізінде ғылыми жоба жасады.
Екі күннің жұмыс нәтижесі бойынша Ақмола облысының қатысушылары "Үздік инновациялық жоба" номинациясын жеңіп, сонымен қатар BI-group ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.