АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ "АҚМОЛА ДАРЫНЫ" ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ" КММ  
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ "АҚМОЛА ДАРЫНЫ" ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ" КММ  

Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың үшінші (облыстық) кезеңін өткізу қорытындылары туралы ақпарат (жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша 2 тур)

29.03.2022

Ақмола облысы білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы ағымдағы жылдың 24-26 наурызы аралығында жаратылыстану-математика  бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңін өткізді. 

Екі жылға созылған пандемиядан кейін тұңғыш рет оффлайн режимде өткізілген олимпиада өз дәрежесінде өтіп, балалар білімдерін ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар өзара тіл табысып, достасып, үлкен әсер алды.

Осындай деңгейдегі олимпиада тұңғыш рет прокторингті қолдана отыра «Oqylyq» платформасында «1 компьютер-1 оқушы-1 камера»  форматында және аудиторияның жалпы көрінісін бере отыра, YouTube-каналында тікелей бейне-трансляция жүргізетін камера арқылы өткізілді. Екі күнге созылған олимпиада оқушылар үшін жемісті болып, әр қатысушы жеңістің оңай қолға түспейтінін, жеңіске  жетудегі әр минуттың қадірін және оған тек тынымсыз еңбекпен ғана жетуге болатынын терең түсінді деген сенімдеміз.

Білім жарысына қатысқан әр талапкерге жеңіске жету үшін теңдей мүмкіндіктер берілді. Жеңімпаздарды іріктеудегі ең басты өлшем – ол әдеттегідей оқушылардың бойындағы терең білім мен дарындылық болып қалды.

Ашықтық пен академиялық адалдықты сақтау мақсатында олимпиадаға «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкері, ата-аналар комитетінің өкілдері, журналистер, ғалымдар және ЖОО оқытушылары шақырылды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар Ақмола облысында жыл сайын өткізіледі және дарынды балаларды барынша толық қамтуға бағытталған.

Биыл олимпиаданың мектепішілік кезеңіне облыстың 18 792 оқушысы, аудандық кезеңге – 4 209 оқушы қатысқан болатын. Облыстық кезеңге аудандық және қалалық кезеңдерде жеңімпаз атанған 403 білім алушы жолдама алды.  Оның ішінде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша 154 білім алушы облыстық кезеңге қатысты. 

Олимпиаданың 2  кезеңі де Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында өткізілді. Университет басшылығы мен ұжымы олимпиада ұйымдастырушыларын жылы қарсы алып, қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етті. Қазылар алқасының құрамына  аталмыш университеттің үздік педагогтері – физика-математика, химия-биология, жаратылыстану ғылымдарының докторлары, кандидаттары, магистрлері кірді.

Олимпиаданың екі кезең қорытындысына сәйкес жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, медальдармен және сыйлықтармен марапатталады.

 Жүлделі І және ІІ орын иегерлері Республикалық олимпиадада Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.

Олимпиаданың осы кезеңі оқушыларға жаңа  мүмкіндіктер ашып, бойларындағы бар білімді тереңдетіп, алдағы дамуларына тың серпін берді деген ойдамыз.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, алдағы әртүрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда, биік белестерді бағындыруда сәттілік тілейміз!

  

  

 

Просмотров: 466


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст