2022 жылғы 28-29 наурыз аралығында, оффлайн режимде, жалпы білім беретін пәндер (қоғамдық-гуманитарлық бағыт) бойынша Республикалық олимпиаданың үшінші (облыстық) кезеңі өтті.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша олимпиаданың 2 кезеңі де білімнің қара шаңырағы – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында өткізілді. Университет басшылығы олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасап, барлық қажетті техникалық жабдықтармен, аудиториялармен қамтамасыз етті. Қазылар алқасының құрамына да аталмыш университеттің үздік педагогтері –гуманитарлық бағыттағы ғылым докторлары, кандидаттары, магистрлері кірді.
Олимпиаданы ашық өткізу мақсатында барлық пән бойынша кабинеттерде камера орнатылып, емтихан барысы ZOOM платформасы арқылы YouTube желісінде тікелей эфирде көрсетілді. Сондай-ақ, олимпиада алғаш рет прокторингті қолданумен «Oqylyq» платформасында «1 компьютер-1 оқушы-1 камера» форматында жүзеге асырылды. Білім жарысына қатысқан әр талапкерге жеңіске жету үшін теңдей мүмкіндіктер берілді. Бұл олимпиада техникалық жағынан жаңалықтарға толы болғанмен, қатысушыларға қойылатын басты талап – әрқашанда терең білім мен дарындылық болып қала бермек.
Ашықтық пен академиялық адалдықты сақтау мақсатында олимпиадаға «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкері, ата-аналар, комитетінің өкілдері, журналистер, ғалымдар және ЖОО оқытушылары шақырылды.
Олимпиаданың 244 қатысушысы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10 пәнді білу бойынша 2 турда, 3 ағынмен жарысты.
ҚГБ пәндері бойынша үшінші кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып 100 дарынды оқушы жарияланды, оның ішінде медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды: І дәрежелі диплом иегерлері – 23 қатысушы, ІІ дәрежелі диплом иегерлері - 24, ІІІ дәрежелі диплом – 53 оқушы және грамоталармен – 15 қатысушы.
ҚГБ пәндері бойынша жүлделі орындар санына сәйкес Олимпиаданың үшінші кезеңінің үздік командалары анықталды.
Олимпиададағы жетістіктері үшін І орын және кубок Көкшетау қаласының командасы, ІІ орын және кубок – Целиноград ауданының командасы және ІІІ орын және кубок – Атбасар ауданының командасы иеленді.
Олимпиаданың барлық қатысушыларын құттықтаймыз! Сіздер елдің үмітісіздер. Ертең Отанға ие болып, ел үшін еңбек етесіздер. Сол үшін талмай ізденіп, жалықпай білім алу жолында әрқайсыңызға талмас қанат, сарқылмас күш-қуат тілейміз!