АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ "АҚМОЛА ДАРЫНЫ" ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ" КММ  
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ "АҚМОЛА ДАРЫНЫ" ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ" КММ  

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінің қорытындылары туралы

27.03.2023

2023 жылғы 20-25 наурыз аралығында Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында 9-11 сынып оқушылары арасында классикалық форматта жаратылыстану-математикалық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті. Олимпиадаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 24 команда және 891 оқушы қатысты. Ақмола облысының намысын 38 дарынды оқушы қорғады.

Олимпиаданың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi: шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды iрiктеу және даярлау, Қазақстан Республикасында білім берудің беделiн көтеру.

         20 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 14:30-да қалалық Қазақстан халықтары ассамблеясының концерт залында олимпиаданың ресми ашылу салтанаты өтті, онда «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тұрсынов Ғаждембек Қуанышұлы құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты шара соңында қатысушылар Қазақстанның танымал әншілері SuperStar KZ байқауының жеңімпазы Қайрат Түнтеков пен X-Factor Kazakhstan музыкалық байқауының жеңімпазы Астана Қарғабайдың өнерлерін тамашалады.

         Олимпиаданың бірінші кезеңі, 21 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00-де өтті. Оқушылар олимпиадалық тапсырмаларды белгіленген уақытқа сәйкес орындады: Математика (4 сағат 30 минут); Физика (4 сағат); Химия (5 сағат); Биология (3 сағат 30 минут); География (4 сағат); Информатика (5 сағат).

         Олимпиаданың ашықтығына көз жеткізіп, бақылау жүргізу үшін жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қала қызметтерінің өкілдері шақырылды. Екінші тур тапсырмалары мен шешімдері daryn.kz сайтына жүктелді. Сонымен қатар,YouTube арнасында тікелей көрсетілімдер жүргізілді.   

         Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, түстен кейін олимпиада қатысушылары үшін «Шымкент достарын қарсы алады» бағдарламасы ұйымдастырылып, оған сәйкес Шымкент қаласының №1,9,23,35,47 үлгілі мектептері интеллектуалдық жарыстар мен олимпиадалардағы өз жетістіктерімен таныстырды. Команда жетекшілері үшін Шымкенттегі ескі қалашық «Цитадельге» экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылды.

Олимпиаданың екінші туры бөлінген уақытқа сәйкес 22 наурызда өтті:

математикадан (4 сағат 30 минут), физикадан (2 сағат), химиядан (2 сағат 30 минут), биологиядан (3 сағат 30 минут), географиядан (дендропаркке далалық тур – 4 сағат) және информатика (5 сағат).

География пәнінен республикалық олимпиада туры далалық және камералдық атты екі бөлімнен тұрды. Далалық секция Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің жағасында өтті. Оған 142 оқушы қатысты. Далалық бөлім жер бедеріне қатысты тапсырмалардан тұрып, ұзақтығы 1,5 сағатқа созылды. Олимпиаданың камералдық бөлімі де жер бедеріне қатысты аналитикалық тапсырмалардан тұрып, географиялық білім мен сандық және сапалық талдау дағдыларын қолдануды талап етті. Картографиялық бөлімнің ұзақтығы 1,5 сағатқа созылды. Тапсырмалар Шымкент қаласы бойынша жалпы сипатта болды.

Түстен кейін қатысушылар үшін ескі қалашық «Цитадельге» және жергілікті «Арбатқа» экскурсия ұйымдастырылды.

23 наурызда олимпиада бағдарламасына сәйкес, оқушылар волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі секіді спорт түрлерінен спартакиадада күш өтті.

Шымкент қаласы Дарын орталығының ұйымдастыруымен республикалық олимпиадаға қатысушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және психологиялық көңіл-күйлерін көтеріп, позитив қалыптастыру мақсатында кешкі сағат 20:00-21:00 арасында тренинг ойындар өткізуде. Тренинг қатысушылар жайғасқан БИЛ №1, М. Әуезов атындағы ОҚУ №5 жатақханасы, Дарынды балаларға арналған ІТ лицей жатақханаларында мектеп психологтарының тәлімгерлігімен жүргізілді. Тренингтерге әр жатақханадан 200-ге жуық оқушы қатысты.

25 наурызда апелляция, тапсырмаларды талдау және үйлестіру өтті.

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау әр команданың тұрғылықты жері бойынша 2023 жылдың 25 наурызда сағат 10:00-де жеке-жеке өткізілді.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша І дәрежелі дипломмен Қаиргелді Мансұр – Ақмола облысы білім басқармасының "Білім-инновация" лицей-интернатының 9-сынып оқушысы, география пәні бойынша марапатталды.

ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды:

1. Ғалым Рахман – Ақмола облысы білім басқармасының "Білім-инновация" лицей-интернатының 9-сынып оқушысы, география пәні бойынша;

2. Ибодуллаев Руслан – Ақмола облысы білім басқармасының "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы, информатика пәні бойынша. Оған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің білім гранты берілді;

ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды:

1.Аргин Бекежан – Ақмола облысы білім басқармасының "Білім-инновация" лицей-интернатының 10-сынып оқушысы, география пәні бойынша;

2.Мереке Закария – Ақмола облысы білім басқармасының "Білім-инновация" лицей-интернатының 9-сынып оқушысы, математика пәні бойынша;

3.Баршакаева Айдана – IQanat High School of Burabay мектебінің 10-сынып оқушысы, биология пәні бойынша.

Ақмола командасын шын жүректен құттықтаймыз, оқу жылының сәтті аяқталуын, жақсы көңіл-күй, денсаулық, қуат пен оптимизм, бейбітшілік пен амандық тілейміз!!!

Просмотров: 186


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст